АБАЙДЫҢ ФОТОҚҰЖАТТАРЫ ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ-сі мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» атты ғылыми-мәдени көрмеде Абай музейінің сирек қорынан Абай өмірі мен шығармашылық мұрасы, оның ақындық және туыстық айналасы және замандастары мен дәстүрін жалғастырушылар жайлы ақпарат беретін деректік құжаттар бар. Солардың бірі де де бірегейі, 1896 жылы Абайдың Ақылбай мен Турағұл ұлдарымен және 1903 жылы отбасымен бірге түскен фотосуреттеріне толыққанды түрде тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. 1896 жылы Семей өңірінде Абайдың Ақылбай және Тұрағұл ұлдарымен бірге түскен фотосуретінің (Фотода солдан оңға қарай Ақылбай Абайұлы, Абай Құнанбайұлы және Турағұл Абайұлы) көлемі 9х13 болып келеді.Ақылбай Абайұлы 1861 және 1904 жылдары аралығында өмір сүрген Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған тұңғыш баласы. Ақылбай Құнанбайдың төртінші әйелі Нұрғанымның қолында тәрбиеленді. Өзі өмір сүрген ауылындағы Ғабитхан молдадан 4-5 жылдай білім алды. Тек қана терең білімпаздығымен ғана емес, домбырада, сырнайда, скрипкада шебер ойнай алатын өнерпаздардың бірі болды. Жасында «Құнанбайдың мырзасы» атанған Ақылбай әкесінің жолын қуып, ақындықпен айналысты. Осыған дәлел ретінде, Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» және «Жаррах батыр» атты үш поэмасы бар.Турағұл Абайұлы 1875-1934 аралығында өмір сүрген Абайдың Әйгерімнен туған тұңғыш баласы. Турағұл бала жасынан ерекше ұғымтал, зерек болып, әкесінің ақындық жолын таңдайды. Сондай-ақ, музыка аспаптарын еркін меңгерген шебер өнерпаздардың бірі болды. Турағұлдың үлкен еңбегі – «Әкем Абай туралы» жазып қалдырған естелігі болып табылады. Сонымен қатар, Турағұл Абайұлы көптеген шетел әдебиеті классиктерін қазақ тіліне шебер аудара білген аудармашы еді. Атап айтатын болсақ, М.Горькийдің «Челкаш», А. Неверовтің «Мен өмірге жерікпін», Д. Лондонның «Эскимош Кишаның басынан кешкендері» әңгімелері» еді.Екінші сурет – 1903 жылы Абайдың отбасымен Жидебайда түскен суреті. Фотосуретте солдан оңға қарай екінші қатарда: ақын Абай, Еркежан (Абайдың інісі Оспанның әйелі), Камалия (Ақылбайдың ұлы Әубәкірдің әйелі) және Мағауия Абайұлы. Ал, алдыңғы қатарда отырғандар: солдан оңға қарай Пәкизат Ақылбайқызы (Абайдың немересі), ортада Турағұл Абайұлы және Әубәкір Ақылбайұлы (Абайдың немересі).Осы фотоқұжаттағы Абайдың ұлы Мағауия Абайұлы 1873-1904 жылдары аралығында өмір сүрген Ділдәдан туған ақын. Мағауия Абайұлы 9 жасынан хат танып, Семейдегі орыс мектебінде білім алды. Мағауияның алғашқы өлеңдері махаббат тақырыбынa арналған және оның «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» поэмалары бар. Абайдың немересі Әубәкір Ақылбайұлы 1881-1934 жылдары өмір сүрген суырыпсалма ақын және әнші-композитор. Әубәкір жастайынан Оспанның қолында (Абайдың інісі), Еркежанның (Оспанның әйелі) тәрбиесінде болды. Абайдың шығармаларын ел арасына таратуда көп еңбек сіңірген, және үш ішекті домбырада ойнаған. 1903 жылы Абайдың отбасымен бірге түскен суреттің көлемі 13×23.Осы фотоқұжаттағы тарихи бейнелер туралы тың мәліметтерімен бөліскен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының орынбасары, абайтанушы Қайыржан Ғизатұлына алғасымызды білдіреміз.Көрме Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық орталығымызда 7 ақпанға дейін жалғасады.