«АБАЙ ЖӘНЕ ҚОЛЖАЗБАЛАР ӘЛЕМІ» КӨРМЕСІ ҚОЛЖАЗБАЛАР ЖӘНЕ СИРЕК КІТАПТАР ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА

2020 жылдың қаңтар айының 24-ші жұлдызында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Абай және қолжазбалар әлемі» атты көрменің тұсаукесері өтті. Көрме экспозициясында музейдің қорында сақтаулы Абайдың пайдаланған жеке заттары қойылған. Оның ішінде: Абай атамыздың тұмар домбырасы, қолжазбалары, фотосуреттері сондай-ақ, араб, түркі тілдеріндегі сирек кітаптар, сыбызғы, дауылпаз, асүйде қолданған торсық, тегене ожауымен, көнек, шыныаяққап, ағаш құты мен басқа да құнды экспонаттар көрермен назарына ұсынылды. Көрмеге елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ардагерлер мен жастар шақырылды. Атаулы іс-шараны Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры м.а. Н. Ережепов пен Абайдың Жидебай-Бөрілі музейінің директоры орынбасары М.Қайрамбаева ашып, ҚР ҰҒА академигі Ғ.Есім, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Т.Садықов, абайтанушы, фил.ғ.д., профессор Тұрсын Жұртбай, «Ардагерлер» ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігі орталығының төрағасы, т.ғ.д., профессор Ө.Озғанбай, Абайдың ұрпағы Л.Мұқлисқызы, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы инстиуты директорының орынбасары А.Қашқымбаев сияқты ғалымдар көрменің тұсауын кесті.Абайдың Жидебай-Бөрілі музей-қорығының аталған көрмесі Қазақстанның барлық аймақтарында көрсетілу жоспарланған. Көрме Нұр-Сұлтан қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығыда бастау алып, Алматы қаласында жалғасын табады. Көрме Нұр-Сұлтан қаласында 7 ақпанға дейін жалғасады.