«АБАЙ ЖӘНЕ XXI ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН» АТТЫ ҒЫЛЫМИ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы – заңдылық.Бүгінгі таңда Абайды тану, жас ұрпаққа насихаттау, ақынның асыл мұрасын әр тараптан зерттеп, Абайтану ғылымының керегесі кеңи түсуіне үлкен игі істер атқарылуда. Осы ретте, ағымдағы жылдың қаңтар айының 24-ші жұлдызында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы РММ-де Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты ғылыми дөңгелек үстел өтті. Бұл ғылыми дөңгелек үстел ақын мұрасын жас ұрпаққа үлгі етуді көздейді. Сондай-ақ, кемеңгер ақынның тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен насихаттау болып табылады. Аталмыш ғылыми іс-шараға қоғам қайраткерлері, республикамызға алыс-жақын шетелдерге танымал абайтанушы ғалымдар мен жастар шақырылды.Ғылыми дөңгелек үстелге ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Садықов Тілеген Садықұлы, абайтанушы, ф.ғ.д., профессор Тұрсын Жұртбай, «Ардагерлер» ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігі орталығының төрағасы, т.ғ.д., профессор Өмірзақ Озғанбай, Абайдың ұрпағы Ләйлә Мұқлисқызы, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы инстиуты директорының орынбасары Қашқымбаев Амангелді Нұркейұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, т.ғ.д. Ысқақова Күлзира Ыдырысқызы, т.ғ.д., профессор Мұсабалина Гүлнәр Төлеуғазықызы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, т.ғ.д. Өтепова Гүлфира Елубайқызы, «Тұран-Астана» университетінің доценті, ф.ғ.к. Сембаева Сәлима Оралханқызы, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейі директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Қайрамбаева Мейрамгүл Сейітжаппарқызы, орталық басшысы Ережепов Нұрлан Әскерұлы және қаланың ардагерлер қауымы арнайы келіп қатысты. Ал ғылыми дөңгелек үстелдің модераторы Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығының ғылыми кеңесшісі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, т.ғ.д. Дүкенбаева Задаш Оразғалиқызы болды.Ғылыми іс-шарада Абай Құнанбайұлының өнегелі өмірі мен мұралары және абайтану ғылымы туралы келелі де ғылыми тұжырымдарымен және ұсыныстарымен бөлісті.Аталмыш тақырыптағы ғылыми іс-шаралар Ұлттық орталығымызда жыл бойына жалғасын табады. Қорытындылай келе, Ақын Абайдың шығармашылығы бүгінгі заман талабына сай қайта түлеп, жыл өткен сайын жаңғырып ұрпақ санасында мәңгі қалады деген сенімдеміз.