АБАЙ ОҚЫҒАН ҚОЛЖАЗБАЛАР МҰРАСЫ

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ-сі мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» атты ғылыми-мәдени көрмеде Абай музейінің сирек қорынан бірнеше қолжазбалар көрмеге қойылды. Солардың ішінде, Ахмед бин Яхия бин Жанар әл-Бағдадидың «Китаб футтух-ил-булдани» және «Китаб Кашаф ил Зунун» атты екі құнды қолжазбаны атап өтуді жөн көріп отырмыз. Аталған ғылыми-мәдени көрмеде Ахмед бин Яхия бин Жанар әл-Бағдади Балузаридың қаламынан туындаған «Елдерді ашу кітабы» («Китаб футтух-ил-булдани») атты сапар кітабы Мысыр шаhарында араб қарпінде 1901 жылы басылып жарық көрген. Бұл қолжазбада мұсылман елдері мен қалаларының құрылуы тарихы аталып көрсетілген. Бұл қолжазба 80 беттен тұрады. Молла Катиб Чәләбидің «Кашаф Зунунның кітабы» («Китаб Кашаф ил Зунун») атты араб тілді кітабы 591 парақтан тұрады. Қолжазбаның алғы сөзі 44 беттен тұрады. Бұл кітапта хадис ғылымы, рух және суфизм мәселелері және математика мен өзге ғылымдар туралы ақпараттық сипаттамалар беріліп, одан әрі қарай араб қарпінің ретімен библиографиялық тізімдер жасалған. Ғылымдардың бар саласын қамтыған өте ауқымды да құнды еңбекте көптеген авторлардың биографиялық ақпараттары аталып көрсетілген.