АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙ ТОЙЫНА ОРАЙ ӨТКІЗІЛГЕН «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ АҚЫНЫ» АТТЫ ӘДЕБИ КЕШ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ-де «Ұлы даланың ұлы ақыны» атты әдеби кеш өткізілді. Аталмыш іс-шара Ұлы даланың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей тойымен байланысты өткізіліп отыр. Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы ойшыл, ғұлама, ұлы Абайдың шығармашылығына арналған әдеби кешке «Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақмола колледжі» студенттері арнайы шақырылды. Кеш қонақтарына Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директорының орынбасары, абайтанушы, 26 жыл Жидебайдағы Абай қорық-музейінің басшысы болып қызмет атқарған, музейдің қалыптасуына өз үлесін қосқан – Күзембаев Қайыржан Ғизатұлы Абай жайында сыр шертіп, оның өмір жолы, шығармашылығы жайында танымдық-тағлымдық мағлұматтар айтып, өлеңдерінің мағынасын ашып талдап, студенттердің көкейкесті сұрақтарына жауап бере отырып, өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ, шара барысында студенттерге Хакім Абайдың тал бесіктен, мәңгілік жер бесікке айналған кесенесі мен 1895 жылы Абай атамыздың өзіндік қол таңбасымен қала мәдениетіне сәйкес өзі салдырған, өмірінің соңына дейін сонда тұрып, қара сөздерін, аудармаларын жазған және 50-ден астам данышпан ақынның өзі тұтынған көне жәдігерлері бар Жидебайдағы Абай қорық-музейінен бейнеролик көрсетілді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы – Н.Ә. Назарбаевтың «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» деген сөзін басшылыққа алып, Абайды болашақ ұрпаққа насихаттап, дәріптеу ісі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында әрі қарай өз жалғасын табады.