Айгиз Баймұхаметовтың кітаптарын сыйға тартты

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Саят Қамшыгер Ұлттық орталыққа арнайы келді. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Мәлік Отарбаев мұнда атқарылып жатқан жұмыспен таныстырып, алға қойған мақсат-мұраттармен бөлісті. Өз кезегінде Саят Қамшыгер орталығымызға танымал башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың «Тастамашы, ана!», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» атты кітаптарын сыйға тартты. Башқұрт жазушысының еңбектері қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, татар, орыс, чуваш тілдеріне аударылған. Автобиографиялық повестер көптеген елдерде жоғары бағаланып, жергілікті театрларда сахналанған. Белгілі ақын Саят Қамшыгер Ұлттық орталықтың жұмысына табыс тіледі. Мәлік Нұржанұлы ақынның орталыққа арнайы келіп, кітаптарды табыстағаны үшін алғысын білдірді.