Жезқазғанда өткен конференция

Орталық Қазақстан аймағы, оның ішінде қазіргі Жезқазған облысының өңірі көне тарихи ескерткіштер мен мәдени жәдігерлерге бай. Осыған орай, ғылыми конференцияның екінші күнінде Ұлттық орталықтың қызметкерлері Ұлы дала елінің қасиетті мекені – Ұлытау өңіріне барып, қасиетті жердегі тарихи орындарға сапар шекті. Атап айтатын болсақ, қасиетті Ұлытау баурайындағы халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айғақтайтын ескерткішке, VIII-XII ғасырлар кезеңіне жататын Басқамыр қаласының орнына, Алаша хан мен Жошы хан кесенелеріне және т.б. ескерткіштерге барды.
Жоғарыда аталған тарихи орындардың ішінде Жошы хан кесенесіне тоқталып өтетін болсақ, Жезқазған қаласына 60 шақырымдай Қаракеңгір өзені жағасында орналасқан. Бұл Шыңғысханның үлкен ұлы, Батыйдың әкесі. Жошы ханның мазары 1227 салынды деп ғалымдар топшылайды. Жошы ханның мазарындағы күйдірілген қыштар бие қымызына, топырағы сүтке иленгені лабораториялық зерттеулерден анықталғаны аңыз емес, шындық.
Ал, Ұлттық орталықтың қызметкерлері табан тіреген қасиетті орын – Алаш хан кесенесі. Академик Әлкей Марғұлан Алаша хан күмбезін XIII-XIV ғасырлардың мәдениет ескерткіші екенін атап өтеді.
Жезқазған өңірінің тарихи мұрасы бойынша жазбаларды өлкетанушы Сүтемген Бүкіров өскелең ұрпаққа қалдырды. Осы ретте, Сүтемген Бүкіровтың келесідей сөзін назарларыңызға ұсынамыз: «Жазып қалдырмасаң, күндердің күнінде сенің ішіңде не кеткенін кейінгі ұрпақ қайдан біледі. Біз тарихы өткен жылдар мен ғасырлардың қойыны-қонышында қалған ұлттың өкіліміз. Ерлігі мен қайсар жаратылысы дүниені таң қалдырған көк бөрінің тұяғы емеспіз бе? Ең болмаса қазіргі ата мекен өлкеміздің тарихын, азды-көпті шежіресін жасап, өскелең зерделі жастарымызға із қалдырып кетсек те еңбек». Осылайша, әр өңірдің белгілі өлкетанушы-ғалымдардың қолжазбаларын зерттеу арқылы көптеген тың мәліметтерді ала алатынымзға күмәніміз жоқ.
Аталмыш сапар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргізілді.