Низами Гәнжауидің шығармашылығына арналған онлайн-конференция өтті

Низами Гәнжауидің 880 жылдығы аясында Әзербайжанның Сумгайыт жастар үйінің ұйымдастыруымен “Низами Гәнжауидің шығармашылығы” атты онлайн-конференция өтті. Оған Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Мәлік Отарбаев та қатысып, артына өшпес мұра қалдырған түркі және парсы әлеміне ортақ тұлғаның шығармашылығының маңызына тоқталды. Низами шығармалары орта ғасырлық Түркия, Армения, Ирак, Грузия, Ауғанстан, Иранда кеңінен танымал болды. Оның поэзиясы Хафиздің, Джалаладдин Руми мен Саадидің шығармашылық мектебіне айналғанын ғалымдар да растайды. Низамидің «Хұсрау – Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Ескендір» дастандары күні бүгінге дейін адамзаттың, оның ішінде түркі әлемінің ортақ мұрасына айналды. Бір айта кетерлігі, 1991 жылы оның туғанына 850 жыл толған еді, айтулы дата ЮНЕСКО шеңберінде кең көлемде аталып өтті. Бүгін Ресей, Өзбекстан, Италияда Низамиге ескерткіштер қойылған. Бұл да адамзатқа ортақ тұлғаның уақыт кеңістігі мен география шеңберінен тыс өмір сүретінін аңғартса керек. Әзірбайжанда Низами атындағы әдебиет институты жұмыс істейді. Бұл да тектен-тек емес. Бұл тұста әзірбайжан бауырларымыздың атқарып жатқан қызметі зор. Мұндай жиындар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Бүгінгі таңда Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында 1947 жылы Қазақтың Біріккен мемлекеттік баспасы дайындаған Низами Гәнжәуидің “Ләйлә-Мәжнүн” шығармасы сақталған. “Хұсрау-Шырын” шығармасының көшірмесі де – орталық қорының бай мұрасын толықтырып тұр.