ТОҚТАМЫС ХАННЫҢ ЖАЗБАША ЖАРЛЫҚ ХАТЫ

Назарларыңызға Ұлттық орталығымыздың қорындағы Алтын Орда ханы Тоқтамыстың 1392-1393 жылдар аралығында Польша королі және Литва князі Владислав Ягайлоға арнап жазылған жазбаша Жарлығын ұсынамыз. Түпнұсқа Польша Республикасының көне актілері Бас архивінде сақтаулы. 1834 жылы К.М. Оболенский (Мәскеу, Ресей сыртқы істер архиві) Краков архивіндегі поляк тарихшысы А.С. Нарушевичтің құжаттарының арасынан тапқан. Түпнұсқа 1921 жылы Польшаға тапсырылды. Мәтін көне түркі жазуымен (көне ұйғыр жазуымен), жоғарыдан төмен оңға қарай жазылған. Хатта төрт бұрышты алтын түсті мөр басылған. Мөрдегі ішкі текшедегі куфи жазулы мәтін: «Әділетті сұлтан Тоқтамыш». Жарлық екі жақ арасында елшілердің жіберілуі, Темір ордасына жасалған шабуыл мен сауда қатынастарын жалғастыру ниеті туралы баяндайды. Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы хан әулетінен бастап, Берке ханға дейін мемлекеттік іс-қағаздар моңғол тілінде жүргізілсе, ал Тоқтамыс ханнан бастап, мемлекеттік іс-қағаздарды жазу барысында түркі-моңғол тілі қолданылды.