«Түрік шежіресі»

Назарларыңызға Ұлттық орталығымыздың қорындағы Алтын Орда кезеңіне қатысты сирек кітаптарды ұсынамыз. Соның бірі, «ТҮРІК ШЕЖІРЕСІ» кітабының алатын орны ерекше. Аталмыш еңбектің авторы – Хиуа ханы әрі тарихшы, ақын, шежіреші, Орта Азия мен Қазақстанға танымал тұлға, қоғам қайраткері Әбілғазы Баһадүрхан. Ол 1603-1664 жылдары аралығында өмір сүрген, Жошы ұрпағынан тараған Араб Мұхаммед ханның отбасында дүниеге келген. Бұл құнды еңбек Шыңғыс ханнан бұрынғы және одан кейінгі дәуірлерде Орта Азия, Қазақстан, Таяу Шығыс елдерінде болған оқиғалар мен сол тұстағы ел басқарған хандар жүргізген саясат туралы жылнама. Шежіреде қазақ халқының құрамына енген рулар мен тайпалардың көне тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, этнографиясы жайлы баяндалады. Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі» — тарихи-деректік, әдеби және тілдік жағынан өзге шежіре еңбектерден шоқтығы биік тұратын шығарма. «Түрік шежіресін» Әбілғазы 1663 жылы бастап жазып, баласы Ануш Мұхаммед 1665 жылы аяқтайды. Кітаптың қолжазбасын Ресейде тұтқында жүрген швед офицерлері Тобыл қаласынан кездестіріп, оны орыс тіліне аудартқан. 1825 жылы шежіренің араб әрпімен жазылған түпнұсқасы граф Н.И. Румянцевтің араласуымен Қазанда жарық көргеннен кейін ғана ғылыми айналымға енді. Ал, сіздерге ұсынылған бұл кітап, 1925 жылы көне ескі түрік тілінде (шағатай жазуы) Ыстамбұл кітапханасында жарық көрген нұсқасы болып табылады.