«ШАЙБАНИ ХАН ДАСТАНЫ»

Бүгін Ұлттық орталығымыздың қорында сақтаулы Алтын Орда кезеңіне қатысты тағы бір құнды еңбек «ШАЙБАНИ ХАН ДАСТАНЫ» туралы тоқталамыз. Аталмыш еңбекте Жошы хан әулетінен тараған Мұхаммед Шайбани ханның өмірі, соғыстағы жорықтары, ел басқаруы жайлы оқиғалар рет-ретімен баяндалады. Онда ханның туған күнінен бастап, 1501 жылы Самарқан шаһарын, 1505 жылы Хорезмді жаулап алғанға дейінгі оқиғалар желісі мен өмірі бейнеленеді. Мұхаммед Шайбани 1451-1510 жылдар аралығында өмір сүргені мәлім. ”Шайбани, ”Шейбани, ”Шибани” – Мұхаммед ханның өз аты емес, оның ақындық, сазгерлік өнеріне берілген лақаб аты болса керек. Өлең жолдарымен өрілген бұл дастанда Алтын Орда дәуіріне қатысты түркі-моңғол, қазақ, өзбек тайпаларының тарихына байланысты деректер көп кездеседі.Санкт-Петербургте сақтаулы қолжазба көшірмесіне қарағанда, еңбек ХVIII ғасырдың соңында жазылғанға ұқсайды. Аталмыш шығарма негізгі үш тарауға бөлінген. Екінші тарауы Алтын Орда дәуірімен байланысты қоңырат тайпалары және Шыңғыс хан ұрпақтарының тарихы жайында баяндайды. Ал, кітаптың суреттегі бұл басылымы 1928 жылы көне өзбек тілінде Өзбекстан мемлекет баспасынан жарық көрген.