«ШЫҢҒЫСНАМА»

Ұлттық орталығымыздың қорында электрондық нұсқасында сақтаулы Алтын Орда кезеңіне қатысты үшінші бір еңбек «ШЫҢҒЫСНАМАНЫ» назарларыңызға ұсынамыз. Шыңғыснаманың түпкі атауы «Қара тауарих». Шыңғыснама атауын Кеңестік тарихшы Юдин, шығарманың мазмұны Шыңғыс хан мен Алтын Орда тарихын қамтитындығына байланысты «Шыңғыснама» деп ат берген. «Шыңғыснама» – Хорезм тарихшысы Өтеміс қажының шағатай тілімен араб жазуында жазылған тарихи шығармасы. Шығарма ХVI ғасырдың 50-ші жылдары жазылған. Бұнда апай төс Еуразия даласында Жошы әулетінің құрған тарихы баяндалады. Яғни, Жошы әулетінің билеушілерінен бастап, Алтын Орданың соңғы ханы – Тоқтамысқа дейінгі 40-50 ханның хронологиялық кестесі көрсетілген. Шығарма негізінен аңыз, әңгіме тұрғысында немесе далалық ауызша тарихи дәстүр тұрғысында мәліметтер береді. Кейбір жерінде тарихи мәліметтердің нақты деректерге сүйеніп жазылғандығын да байқауға болады. Дегенмен, зерттеушілердің ғылыми тұжырымдамалары бойынша, «Шыңғыснама» еңбегі әлі де дереккөздерін зерделеу, зерттеуді қажет ететін, бүгінгі отандық ғалымдардың алдына қойылған міндет болып табылады. Жалпы, «Шыңғыснама» еңбегінің екі нұсқасы сақталған. Біреуі, Ташкентте табылған тарихшы Юдиннің «Шыңғыснамасы» болса, екінші бір нұсқасы Түркияда Валиди Тоған отбасында сақталған.