«Қазақстандағы ислам қолжазба мұралары: зерттеу-зерделеу, сақтау-жаңғырту және мамандар дайындау мәселелері» атты халықаралық семинар

2018 жылғы 20 маусымда Астана қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) бірлесе отырып «Қазақстандағы ислам қолжазба мұралары: зерттеу-зерделеу, сақтау-жаңғырту және мамандар дайындау мәселелері» атты халықаралық семинар өткізді.

Семинардың мақсаты – Қазақстанда сақталған ислам қолжазба мұраларының қазіргі жай-күйін талдап-таразылау, оларды зерттеп-зерделеу, жүйелеу, каталогтау, жариялау және ғылыми айналымға енгізу, сақтау және қалпына келтіру мәселелерін мамандардың талқысына салу. Халықаралық деңгейде өткізілетін семинар аталған мәселелер бойынша мамандарға бағыт-бағдар ұсынуды және олардың кәсіби біліктілігін арттыруды мақсат етеді. Бұл тақырып Қазақстанда алғаш көтеріліп, еліміздің аймақтарындағы семинарға қатысқан осы сала бойынша қызмет етіп жатқан мамандар өз ойларын ортаға салды.

Семинар жұмысына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Уәлиев Қуатжан Серікқазыұлы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жауапты хатшысы Әзілханов Марат Алмасұлы және Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры Халит Ерен қатысып, сөз сөйледі.

Шара барысында ҚР БҒМ Ғылым комитеті Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филол.ғ.д., шығыстанушы Дербісәлі Әбсаттар Бағысбайұлы, IRCICA ұйымының Орталық Азия бойынша сарапшысы, тарих ғ.д. Муминов Әшірбек Құрбанұлы, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия және теология ғ.д., ясауитанушы Кенжетай Досай Тұрсынбайұлы, ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филол. ғ.к., шығыстанушы, түркітанушы Айнұр Әбдірәсілқызы, ҚазҰУ ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі, филол. ғ.к., доц. Қыдыр Төрәлі Еділбайұлы, ҚР Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар қорының меңгерушісі Әбікова Күлшат Мәсәлімқызы, ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі Нұрғазиева Айнұр Ерланқызы, Түрік академиясы халықаралық ұйымының ғылыми қызметкері Напиль Базылхан, т.б. көптеген білікті ғалымдар мен сала мамандары баяндама жасады.

Семинарда:

– Қазақстандағы қолжазба қорларының тарихын зерттеудің негізгі кезеңдері;

– сирек қорлардағы ислам бағытындағы қолжазбаларды зерделеу және каталогтау мәселелері;

– ортағасырлық діни мәтіндер текстологиясының өзекті мәселелері;

– сирек кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіру және сақтау жұмыстарының негізгі қырлары;

– Қазақстандағы шежірелік деректерді жинақтау мен жарыққа шығару мәселелері;

– Алтын Орда кезеңінде жазылған діни қолжазбаларды зерттеу және ортағасырлық шағатай әдебиеті мұраларын игерудің жай-күйі мен өзекті мәселелері;

– жеке қолжазбалар қорының сақталу және игерілу мәселелері тақырыптық бағыттары бойынша баяндамалар жасалды.

Семинар материалдарының жинағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) тарапынан жарыққа шығарылады.

Семинар барысында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Садуов асылхан Жұмабайұлы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының бас директоры Халит Ерен арасында өзара түсіністікті қолдау және ұлттың мәдени және жазба мұрасын микрофильмдерде сандық көшірмесін жасап сақтау, каталогтандыру, әртүрлі саладағы қалпына келтіру жұмыстары салаларында ғылыми тәжірибе алмасу туралы Ынтымақтастық Келісімшартқа қол қойды. Халит Ерен мырза Орталыққа Ислам өркениеті жайындағы кітаптарды сыйға тартты.

Leave a Reply