ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың қаңтар айының 30-шы жұлдызында «Астана Балет» театрында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өткен жылды қорытындылауға және биылғы жылдың жоспарларын талқылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Мәжіліс Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог–Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауы асында болды. Алқа мәжілісіне ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Парламент депуттары, Президент әкімшілігі, Үкімет өкілдері, Қоғамдық Кеңес мүшелері және ғылыми орталықтар мен институттардың, архив, музей және кітапхана қызметкерлері қатысты. Осы алқа мәжілісінде мәдениет пен спорт саласының жан-жақты салалары бойынша өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар жасалды. Сондай-ақ, Елордамыздың төріндегі «Астана Балет» театрында министрлікке қарасты мекемелер тарихи-мәдени бағыттағы көрмелерін қойды. Осы ретте, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы төл тарихымызды танытатын құнды қолжазбалар мен сирек кітаптардан тұратын «ҰЛЫ ДАЛА ТАРИХЫНЫҢ ЖАЗБА МҰРАЛАРЫ» атты көрмені ұйымдастырды. Көрмеде XVIII-XX ғасырларға жататын араб, парсы, түркі тілдерінде және латын қарпінде жарық көрген қасиетті де құнды тарихи бағыттағы қолжазбалар мен сирек кітаптар ел назарына ұсынылды. Аталмыш көрме мәдениет пен спорт саласының мамандары және ғылыми зиялы қауым өкілдері тарапынан аса қызығушылық туғызды.