ҚОЛЖАЗБАЛАР ЖӘНЕ СИРЕК КІТАПТАР ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚОРЫНДАҒЫ АКАДЕМИК В.В.РАДЛОВТЫҢ «ОПЫТ СЛОВАРЯ ТЮРКСКИХ НАРЕЧИЙ» АТТЫ ТӨРТ ТОМДЫҚ ЕҢБЕГІНЕН

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ-нің сирек қорынан 1893-1911 жылдары аралығында жарық көрген академик В.В.Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» атты төрт томдығы (I т., 1893 ж., II т., 1899, III т., 1905, IV т., 1911)  туралы атап өтуді жөн санап отырмыз.

Ең алдымен, бірегей томдық еңбектердің авторы В.В.Радловтың жайында сөз ететін  болсақ, түркітанушы Ресей Императорлық ғылым Академиясы тарапынан 1891 жылы ұйымдастырған «Орхон экспедициясының» жетекшісі.

Профессор Қ.Сартқожаұлы 2019 жылы жарық көрген «Орхон ескерткіштерінің толық атласы»  еңбегінің I томында берген мәліметіне сүйенетін болсақ, ол – Түркітану ғылымының іргетасын қалаушы ғалымдардың  бірі, Күлтегін, Білге қаған, Түй-ұқұқ, Онгин ұстынындағы мәтіндерді алғаш рет оқыған белгілі ғалым және «Атлас древностей Монголии» (T.I, II, III, IV) еңбегінің авторы деп атап өтеді.

«Опыт словаря тюркских наречий» атты еңбегі – көрнекті ғалым В.В. Радловтың (1837-1918) жартығасырлық ізденісі мен еңбегінің нәтижесі болып табылады.  Аталған ғылыми сөздік Санкт-Петербург қаласы Ресей Императоры Ғылым Академиясының баспаханасында жарық көрді.

 «Опыт словаря тюркских наречий» сөздігі алғы сөзден, дыбыстар және олардың айтылуы, қысқартылған сөздер және сөздіктен тұрады. Сөздіктегі бір бет екі бағанға бөлінген, ең әуелі В.В.Радлов өзі қолданған дыбыстар арқылы түркі тілді сөздік жазған, одан соң оның қай тілден енгендігі және түсіндермесі мен мысалы орыс, неміс тілдерінде көрсетілген.

Аталған томдық еңбектің алғы сөзінде баспа ісі В.В. Радловтың қаламынан туындаған мұрасы туралы келесідей көрсетеді: «Для своего времени труд В.В. Радлова был высшим достижением тюркской лексикографии как по обширности лексического материала, так и по строгой научности его систематизации  подачи в словаре. Словарь В.В.Радлова до сих пор является единственным тюркоязычным словарем сравнительного типа, а материал по многим тюркским языкам и диалектам подчас можно найти только в этом словаре».

Осы ретте, әр жылдарда жарыққа шыққан В.В.Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» атты еңбегі ұлттық орталығымыздың сирек қорындағы құндылығы жоғары бірегей мұралардың  бірі болып табылады.  А.С.Құраубай. В.В.Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» сөздігінің зерттелуі мен құрылымы»