ҚОЛЖАЗБАЛАР ЖӘНЕ СИРЕК КІТАПТАР ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚОРЫНДАҒЫ ТӨТЕ ЖАЗУДА ЖАРЫҚ КӨРГЕН МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВТЫҢ «БАҚЫТСЫЗ ЖАМАЛ» РОМАНЫ

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталықтың қорында терең түпкі тарихымызды танытып дәйектейтін қолжазбалар мен сирек кітаптар баршылық. Осы ретте, төте жазуда жарық көрген Алаштың көрнекті өкілі Міржақып Дулатовтың қаламынан туындаған «Бақытсыз Жамал» атты бірегей романы бар.

Ең алдымен, қайраткер тұлғаның өмірбаянына тоқталып кететін болсақ, 1885 жылы қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген. Бала Міржақып 1897 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қырғыз школына қабылданып, онда бес жыл  оқиды. 1902-1904 жылдары аралығында Торғай уезінде ұстаздық қызмет атқарады. Сондай-ақ,ол «Қазақ» газетінің жалпыұлттық басылымға айналуына айрықша үлес қосты. Баршамызға белгілі, Алашорда үкіметінің белді мүшесі болды. 1922-1926 ж.ж. Орынборда Қазақ халық ағарту институтында ұстаздық етті.

Жалпы, қайраткердің қаламынан туындаған бірнеше шығармалар шоғыры дүниеге келді. Солардың ішінде 1910 жылы жарық көрген «Бақытсыз Жамал» романының алар орны ерекше. Кейін 1914 жылы Қазан қаласында қайтадан басылып шықты. Аталмыш роман туралы филолог Наурызбай Ақбай өзінің еңбегінде: «қазақ әйелінің ауыр халін шынайы бейнелеген «Бақытсыз Жамал» романы ұлттық әдебиетіміздегі тұңғыш прозалық шығарма еді» деп өз бағасын берсе, ал публицист-жазушы Жұмағали Ысмағұлов «Бақытсыз Жамал» атты романы туралы келесідей  негіздейді: «Бұл шығарма қазақ топырағында алғашқы өлең жинағынан да тосын жаңалық болып көрінеді. Халықтың өз өмірінен алынып, өз тілінде қара сөзбен жазылған бұл сияқты оқиғалы шығарма бұрын болған емес-ті».

Ақпарат Алаш айтқан асыл сөз.Бірінші басылым / – Алматы, «Елшежіре» қоғамдық қоры. 2016. – 296 бет., Kazneb.kz порталындағы еңбектерден алынды. Сурет: https://egemen.kz/article/178291-bugin-mirdgaqyp-dulatulynynh-tughanyna-133-dgyl