ҚОЛЖАЗБАЛАР ЖӘНЕ СИРЕК КІТАПТАР ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚОРЫНДАҒЫ ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «МУЗЫКА ТУРАЛЫ ҮЛКЕН КІТАБЫ»

(كتاب المسيقى الكبير لأ ابى نصر الفرابى)

  Кез-келген халықтың өзіне тән ұлттық мәдениеті, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-этнографиялық ерекшеліктері болады десек, солардың бір арнасы – музыка болып табылады. Ән-күй арқылы әдет-ғұрып, дәстүрлі салт-сана ұрпақтан -ұрпаққа жетіп, көшпелі халқымыздың рухани мәдениетіне айналды.

Осы тақырып аясында тұңғыш фарабитанушы-ғалым Ақжан Машанидың  1970 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Әл-Фараби. 870-1970. тарихи-деректі кітап» атты ғылыми еңбегінде кеңінен баяндап, келесідей атап өтеді: «Әсем әуен алпыс екі тамырды бірдей қозғайтын кереметті, құдіретті нәрсе. Құдіретте өнерді керекті жерінде өлшеумен ұстап, тізгінді ақыл-ойға беріп ізгілік іске қоссақ, онан келер пайда тағы көп. Көкірек кеңіп көңіл оятар, қиял қоздырып қайрат берер тағы сол…Ғылымның ата тегі әр ненің өлшеуін білуде емес пе».

Әл-Фарабидің музыка ғылымының дамуына қосқан ірі еңбегі турасында фарабитанушы-ғалым Ақжан Машани «Әл-Фараби және Абай» атты ғылыми еңбегінде АҚШ ғалымы Г.Фармердің ғылыми тұжырымын келесідей келтіреді: «Барлық ғылымдар саласында әл-Фарабиді «Екінші ұстаз» дейді. Ал Аристотель өзінің еңбегінде былай деген: «Музыка мәселесі ғылымда, өнерде  зор орын алатынын білемін. Бірақ оны талдау үшін адамда музыкалық талант, дыбысты түсіну қабілеті болу керек. Ал оңдай қабілет менде жоқ»».

Халық даналығында, «Ең бірінші бақытым – халқым менің, соған берем ойымның алтын кенін» дей келе, кемеңгер ғұлама әл-Фарабидің музыка тақырыбы бойынша жазған іргелі де құнды  мұралардың  бірі – «Музыка туралы үлкен кітабы».

Осы ретте, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ-нің қорындағы Шығыстың дара да, ойшыл-кемеңгері Әбу Насыр әл-Фарабидің қаламынан туындаған «Музыка туралы үлкен кітап» атты шығармасының қазақ тіліне аударылған нұқасы туралы сөз етуді жөн санап отырмыз.

Әбу Насыр әл-Фараби «Музыка туралы үлкен кітапты» Сайф ад Даула әмірдің тапсырмасы бойынша жазады.

2008 жылы «Колор» баспасынан шыққан  кітаптың ғылыми редакторы, ҰҒА акажемигі Ә.Нысанбаев  және құрастырушылар, филос.ғ.д. Ғ.Құрманғалиева, Н.Сейтахметова, ал философиялық арабша-қазақша түсіндірме сөздігін жасаған профессор Ж.Сандыбаев.  Ал аталған кітапқа сарапшы болған белгілі ғалымдар Т.Ғабитов және С.Нұрмұратов. Аталған мұрада музыка теориясы бойынша үлкен тарихнамалық материалдар қордаланған, музыкалық өнердің практикалық мағынасы мен адамның рухани әлемін қалыптастырудағы маңызы ашып көрсетілген. Сонымен қатар, «музыка» және «ғылым» ұғымдары және оның анықтамалары, дыбыстың жоғары және төмен үнді болу себептері,  дыбыс себептерінің үнге әсері, «октава», «кварта» интервалдарының ерекшеліктері, әуендердің композициясы жайында, арабтардың кең тараған ырғақтары, ырғақтар мен дыбыстар композициясы, уд, сырнай, рабаба және т.б. музыкалық аспаптар туралы кеңінен ақпарат қамтылған. Сонымен қатар, Сіздердің назарларыңызға ұсынылған кітапта Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан әл-Фарабидің кітапқа кіріспесі аударылып оқырман назарына ұсынылған