«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз»
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы 2019 жылдың 19 наурыз күні сағат 11.00-де «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мейрамын тойлауға арналған іс-шараларын өткізді.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ежелгі қазақ даласын мекендеген түркі тілдес халықтарға тән және тарихи-рухани сабақтастығымызды білдіретін Наурыз мейрамын жалпыхалықтық жаңа форматта тойланды.
Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар қатарында ұлттық киімдер мен ұлттық өнерді, ұлттық тағамдарды насихаттаумен қатар, оқушылар арасында «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойынынан сайыс ұйымдастырылды. Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын 4000 жылдық тарихы бар зияткерлік (интеллектуалдық) ойын, логикалық ойлау өнері. Сан ғасырлық тарихы бар ұлттық ойындарымызды дәріптеудегі мақсат – қазіргі ғаламторға тәуелді жастардың назарын ұлттық дәстүр мен мәдениетке бұрып, ұлт болашағының жарқын болуы үшін жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру.
Сонымен қатар Наурыз мейрамында ұлттық өнерімізді бірден-бір дәріптейтін “Тұсаукесер” рәсімі болып өтті.
Бала бесіктен басы шығып, еңбектеуден өткен соң аяғын қаз-қаз баса
бастайды. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз
көзімен алдына қарап, таң-тамаша болады. Осындайда дана халқымыз баланың
келешегіне ақ жол тілеп, “балам тез жүріп кетсін” деген ниетпен
“тұсаукесер” тойын жасайды.