ӘЗІРБАЙЖАН ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫНАН АҚПАРАТ БЕРЕТІН СИРЕК КІТАПҚА ҚЫСҚАША ШОЛУ

Тәуелсіздік алғанымыздан бері Қазақстан аумағында тұрып жатқан 140-тан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілікте тату-тәтті өмір сүруде. Туған жердің төрінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсымыз ел бірлігінің сақталуына өз үлесімізді қосып, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге әрбіріміз атсалысуымыз қажет.

Ұлттық орталықтың қорында қазақ, орыс, араб, парсы, түрік, ұйғыр, шағатай, украин, армян және т.б. тілдерде жарық көрген көптеген халықтардың тарихынан сыр шертетін құндылығы жоғары сирек кітаптар баршылық. 

Бүгін, Сіздердің назарларыңызға Ұлттық орталық қорында сақтаулы әзербайжан тілінде араб қарпімен жазылған, Әзірбайжан әдебиетінің тарихынан ақпарат беретін сирек кітаптың бірін ұсынуды жөн санап отырмыз.

Аталған құнды кітаптың сипаттамасы келесідей:

  • Кітап атауы: «Әзірбайжан әдебиетінің тарихынан ақпарат»;
  • Том: I
  • Авторы: Фирдунбек Кучерлы;
  • Жарық көрген жылы: 1925 ж;
  • Тілі: Әзірбайжан тіліндегі араб қарпінде;
  • Баспасы:  «Азер Нашр»;
  • Қала: Баку;

Аталаған кітаптың авторы Карабах өңірінің тумасы Фаридунбек Кучерлы 1863-1920 жылдары аралығында өмір сүрген белгілі әзірбайжан филологы және әдебиеттанушы-ғалым.

625 беттен тұратын бұл кітапта XV ғасырдан бастау алатын әзірбайжан-түркі халықтарының әдебиеттану ғылымы турасында өрбіледі. Нақтырақ айтқанда, Физули, Йусуф Нәби, Әлішер Науаи, Низами Гянджеви, Хакани Ширвани  секілді өзге де ойшылдардың туындылары кездеседі.

«Әзірбайжан әдебиетінің тарихынан ақпарат» атты еңбек түркі халықтарының, оның ішінде әзірбайжан әдебиетіне қызығушылық танытқан және аталған тақырып аясында зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан ізденушілерге арналған таптырмас дүние болып табылады.