«ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ А.Ж. ӘЛ-МАШАНИ МҰРАЛАРЫ» атты ғылыми дөңгелек үстел

2018 жылдың 20 қараша күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында А.Ж. Машановтың туғанына 112 жыл толуына орай «ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ А.Ж. ӘЛ-МАШАНИ МҰРАЛАРЫ» атты ғылыми дөңгелек үстел өткізді.
Аталмыш іс-шараға, елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, докторанттар, магистранттар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел бүкіл адами ғұмыры мен ғылыми шығармашылығын ұлтының мәртебесін көтеруге арнаған фарабитанушы ғұлама ғалым Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машаниге арналды.
Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани әлемдік жаратылыстанулық және философиялық ой-саналардың концепциясынан ұлттық нышанды көрген, соны ғылыми тұрғыда дәлелдеген ғұлама. Ғалым еңбектерінің негізгі дерек қоры: геология мәліметтері, тарихи археологиялық деректер мен фольклорлық, халықтың дәстүрлі ауызша тарихының деректемелері, оның дүниетанымы, астрономиялық ұғымдары, ислам ілімдері мен Құран қағидаттарын АБЖД ғылымы арқылы зерттеген. Кеңестік атеистік қоғамда өмір сүріп, ұлы ойшыл, сан-салалы ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің есімін тарихи Отанына оралтып, оның әмбебап сипат алатын мол ғылыми мұрасын зерттеп, ұрпағына жеткізуге саналы ғұмырының жарты ғасырын арнаған.

 

Leave a Reply