«Өлкетану – Отан тарихының бастауы»

Ағымдағы жылдың мамыр айының 14-ші жұлдызында Жезқазған қаласында дәстүрлі «XVIII»-ші Бүкіров оқулары» аясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, «Музей ата» атанған өлкетанушы Сүтемген Тақабайұлы Бүкіровтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Өлкетану – Отан тарихының бастауы» атты республикалық ғылыми-тәжрибелік конференция өтті.
Белгілі өлкетанушы Бүкіров Сүтемген Тақабайұлы (1921-1996 ж.ж.) –Қарағанды облысы Жезқазған қаласының бұрынғы Бекболат ауылында дүниеге келді. Білгір өлкетанушы, Жезқазған аймағындағы мұражай ісінің негізін қалаушы,«Құрмет белгісі» Орденінің иегері, Ә.Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты, Жезқазған қаласының құрметті азаматы. Ол «Жарқын жылдар жаңғырығы»(Алматы: ҚазАқпарат, 2010ж.) және Ұлы Отан соғысының жеңісінің50 жылдығына арналған майдан даласында құрбан болғандар мен хабарсыз кеткен боздақтарға арналған «Боздақтар» ескерткіші кітабының авторы.
Осыған орай, Ұлы дала елінің осындай тұлғаларын білу, тереңірек зерттеп-зерделеу келешек ұрпақ еншісінде.Осы мақсатпен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д., Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми кеңесшісі Задаш Оразғалиқызы, жариялау – баспа бөлімінің бөлім басшысы Кәмшат Пазылқызы және Ұлттық орталықтың ғылыми қызметкері, докторант Имангалиев Алмас аталмыш конференцияға қатысты. Осы ретте, профессор Задаш Оразғалиқызы «Өлкетану тарихы және тұлғалар шежіресі», тарих ғылымдарының магистрі Кәмшат Пазылқызы «Ұлы дала елінің жазба мұрасы» және докторант Имангалиев Алмас «Тарихи тұлғалар тағылымы: Қаныш Сәтбаев және Ақжан әл-Машани» атты тақырыптарындағы мақалаларымен бөлісті. Осылайша, Республкалық ғылыми конференция барысында қатысушылар өздерінің ғылыми жұмыстарымен таныстырып, ғылыми тұжырымдарымен және ойларымен бөлісті.
Конференция нәтижесінде білім саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, өлшеусіз үлес қосқан үшін тарих ғылымдарының докторы, профессор Задаш Оразғалиқызы алғыс хатпен және өлкетанушы, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Сүтемген Бүкіровтың туғанына 100 жыл толуына орай, «СҮТЕМГЕН ТАҚАБАЙҰЛЫ БҮКІРОВ 100 ЖЫЛ» атты мерейтойлық медалімен марапатталды. Сондай-ақ, докторант, Ұлттық орталықтың ғылыми қызметкері Имангалиев Алмаста аталмыш марапатпен мадақталды.