10-ТАМЫЗ – «АБАЙ» КҮНІ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!


(egemen.kz сайтынан алынды)

Бүгін – Ұлық мереке!

Ағымдағы жылдың тамыз айының 4-ші жұлдызында ҚР Үкіметінің Қаулысымен 10-тамыз – қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбайұлының күні болып ресми түрде бекітілді. Бұл дегеніміз, халқымыздың  Абай рухына және оның қаламынан туындаған өшпес мұрасына тағзым ету болып табылады.

Қазіргі күнде, әлем халықтары Абайдың тұлғасын және оның шығармаларын оқып, зерттеп-зерделеу арқылы халқымыздың байырғы  мәдениетімен таныса отырып, қазақ халқын жаңаша тұрғыда танып, халқымыздың мәртебе-мерейі жаңа сатыға көтерілгендей болды. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «ұлттық салтдәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі сақталуы тиіс» деп ерекше баса назар аударып көрсете келе, ұлттық рухтың өзегін Абайдың қаламынан туындаған еңбектерінен кеңінен танысып көруімізге болады.

Елбасы мақаласының заңды жалғасы ретінде, ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен Абай тұлғасы және оның шығармашылығы туралы, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл мерейтойымен құттықтай отыра, рухани кемелденудің және жаңғырудың негізгі бағыттарын атап көрсетеді.

Осы ретте, Мемлекет басшысы  «Білім игеру»атты бағытты алдынғы қатарға қою арқылы жаhанды өзіміздің алған терең біліміміз арқылы мойындата алатынымызды және де интеллектуалды ұлтты қалыптастыруда бұл рухани кемелденудің бағытының алар орны ерекше екендігін атап өтеді.  Екіншіден, «Тәрбие мәселесі».  «Тәрбиесіз берілген адамзаттың қас жауы» деп Шығыстың біртуар тұлғасы Әбу Насыр әл-Фарабидің мына ғақлия сөзін негізге ала отырып, тарихи-дана ғалымдарының нақыл сөздерін келер ұрпақтың санасына орнықтыруымыз қажет екендігін атап көрсетеді. Ал, Президенттің мақаласынан көрініс тапқан үшінші – «Жаңа кәсіп игеру» және төртінішден – «ынтымақ мәселесі» атты бағыттарда көрініс тапқан қажымас еңбек пен береке-бірлікті Абай мұраларымен тығыз байланыстыра отыра, нақтылап көрсетеді.

Мақала соңында Мемлекет басшысы: «Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс! Халқымыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын!» деп өз құттықтау тілегін Қазақстан халқына жолдады. Осылайша, Абай мұрасы – мәңгілік! Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұжымы «Абай» күнімен құттықтай отыра, Абай шығармалары  арқылы рухани дүниемізді және білімізді тереңдетіп, байыта  берейік! Мереке құтты болсын!